Жолдың бәрі баққа апарады
Қаланың орталығынан шықпай-ақ жабайы табиғат құшағына енгіңіз келе ме? Онда қозғалыс толастамайтын Тимирязев көшесінің жағасында орналасқан баққа келіңіз. 108 гектар аумақты алып жатқан бақта шыршалы-қарағайлы орман да, еменді-қайыңды аллеялар да, бөртегүл қопалары, тағы басқа да әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген өсімдіктердің небір алуан түрлері бар. Егер жолыңыз болса, ойнақ салған тиіндер, үріккіш қырғауылдар, тынымсыз сарышымшық секілді жабайы фауна өкілдерін көріп қалуыңыз да мүмкін.
Табиғат аясына саяхат
Тәжірибелі гид сіз үшін таңғажайып баққа экскурсия ұйымдастырып, ботаникалық-географиялық принцип бойынша құрылған экспозициясын аралатады. Одан Қазақстан, Ресей, Қырым және Кавказ, Солтүстік Америка елдерінің өсімдіктер әлемі туралы көптеген ақпараттарға ие боласыз. Айта кетейік, Орта Азиядағы тұңғыш Альпинарий де дәл осы Алматы Ботаникалық бағында құрылған. Оранжереяға кіріп, жылусүйгіш тропиктік өсімдіктердің 1000-нан астам түрін тамашалай аласыз.