Қаланың сүйікті символы
«Көктөбе» саябағы — отбасымен серуендейтін, ғашықтардың кездесетін сүйікті әрі ең танымал орындарының бірі. Саябақ Көктөбе тауында, теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте орналасқан. Оған қаланың орталығынан көлікпен 10 минутта жетуге болады. Бірақ оған көпке танымал арқанжолмен көтеріліп, қала мен тау сұлулығының ерекше үйлесімін тамашалаудан ләззат алуға не жетсін?! Таудың төбесінен тек қала суреттерін ғана емес, сонымен қатар Іле Алатауының адам жанын баурап алар сұлулығын тамашалауға болады.
Танымал телемұнара
Тауда әлемге әйгілі телемұнара көкке бойын созып тұр. Оңтүстік астананың символдарының біріне айналған телемұнара Алматыға арналған ашықхаттардың, фотосуреттердің барлығының ажарын ашып тұр. Телемұнара әлемдегі ең биік мұнаралардың бірі болып табылады. Оның абсолют биіктігі 371,5 метр келеді. Ал таумен қоса есептегенде, оның төбесі теңіз деңгейінен 1452 метр биіктікте орналасқан. Өкінішке қарай, мұнара туристер үшін жабық, сондықтан да оны тек сыртынан ғана тамашалауға болады.