Оқушылар сарайы Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырысы бойынша салынған
Оқушылар сарайы Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырысы бойынша балалардың мектептен тыс білім алуы үшін арнайы жеке жоба бойынша салынған. Өзінің мәнерлілігі мен конструкциялық шешімі бойынша бірегей сәулет ғимараты болып табылады. Қала құрылысындағы маңызды элемент. 1983 жылдың 30 қыркүйегінде ашылды. Оқушылар сарайының ғимараты – 1984 жылдан бастап Республикалық маңызы бар тізілімге енгізілген тарихи маңызы бар сәулет ескерткіші, оның авторлары: В.Н.Ким, А.П.Зуев және Т.С.Әбілдаев. Оқушылар сарайының бірегей құрылысы шын мәнінде қаланың әшекейі, Республиканың мақтанышы болып табылады. Оқушылар сарайының ғимараты 12 павильоннан тұрады, оның пайдалы алаңы 35 мың шаршы метрден асады. Сарайдың бір нүктеге шоғырланатын бірнеше шиыршықтардан тұратын ерекше пішіні бар. Композицияның ортасы – салтанат залын жауып тұрған күмбез.
Пионерлер үйі
1936 жылы Алма-Ата қаласында Гоголь және Пушкин көшелерінің бұрышында орналасқан Пионерлер үйі ұйымдастырылды. Кейінірек, 1962 жылы Пионерлер үйі Мәскеу пионерлер үйінің қайта жасалған жобасы бойынша салынған Калинин көшесі, 93 (Қабанбай батыр көшесі) мекен-жайындағы жаңа ғимаратқа көшті, сейсмикалық аудандастыру есебімен, ол Пионерлер сарайы деп қайта аталды. 1978 жылдан 1983 жылға дейін, бес жыл бойы Пионерлер мен оқушылар сарайы салынды. Ғимарат бірегей сәулет ғимараты болып саналады және кеңестік постмодернизмге жатады. Сол уақыттағы жоба авторлары осы жұмыстары үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің марапатына ие болады. Іле Алатауы тау етегінде орналасқан құрылыстың динамикалық нысандар тізбегін қаланың әдемі ансамбльдерінің бірі аяқтап тұр.
Егер Сарайға құс ұшатын биіктіктен қарайтын болсақ, онда желде желбіріреп тұрған пионер галстугінің контурын, ал Сарай мен саяжолдардың алдындағы орталық алаң сәуле шашып тұрған күн тәріздес екенін көруге болады.
Сарай екі мыңнан астам оқушының бір уақытта келуіне арналған. Жобада 790 орынды көрермендер залы, үйірме бөлімі, хореографиялық, спорт залдары, жүзу бассейні қарастырылған. Логикалық бағыныштылық қатары мен көлемдердің кеңістілік түрде ашықтығы ғимараттың осіне тізбектелген павильондары бар шиыршық түріндегі динамикалық композициясына негізделген.