Стандартты емес дестинациялар

Әлбетте, әр елде/қалада әрбір адам баруға тиісті туристік орындардың тізімі бар. Алайда кейбір жерлерді тек қаланың байырғы тұрғындары ғана біледі және келушілерді қызықтыратын да сол жерлер. Келесі тізімде, саяхатшылар үшін ең құпия және белгісіз 10 орынды ұсынамыз.

Бестамақ шатқалы

Алматыға келген туристердің барлығы дерлік Шарын шатқалына барған. Негізінде, Шарын ғажайып тастарды еске салады. Алайда барлығы Бестамақ шатқалы жайлы біле бермейді. Ол кеуіп бара жатқан Бестамақ өзенінің маңында орналасқан жасырын жер. Миллиондаған жылдар бойы шатқалдың таңғажайып тас пішіндерін қалыптастырған шулы мөлдір су ағындарын тек көктемгі мұздықтардың еруі немесе нөсерлі жаңбыр кезінде ғана бақылауға болады. Бестамақ шатқалының ұзындығы 6 шақырымды құрайды, ол шағын Қату тауларынан, Қорғандар алқабы мен Темірлік өзенінің шатқалы арасында басталады.

Бұл бейресми жер болғандықтан, бұл жерге жету жолдары бәріне белгілі емес. Асфальттан солтүстік-шығысқа қарай бағытпен шамамен 20 км жүру керек. Сіз шатқал жақын деп ойлауыңыз әбден мүмкін, бірақ адасып кетуіңіздің ықтималдылығы да жоғары. Сондықтан адасып, қосымша километрлер жүрмес үшін навигаторға немесе ұялы телефоныңызға орнатылған навигациялық бағдарламамен діттеген жеріңізге қиындықсыз жеткен дұрыс.

Жұлдызды шалғын

Мұнда жасөспірімдер, түнгі аспан әуесқойлары мен романтикалық атмосферадан ләззат алғысы келетін қарапайым адамдар да келеді. Жұлдызды шалғынды «Махаббат тауы» деп те атайды және қала мен шексіз жұлдызды аспанның таңғажайып көріністерін тамашалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл көптеген жұптар бірге жайлы кештер өткізетін қаланың ең керемет панорамаларының бірі. Мекенжайы бәріне белгілі емес, алайда алаңға бір барып көргенде оны есте сақтау оңай болады. Науаи көшесімен жоғары көтеріліп, әрі қарай жол полициясы бекетінен оңға бұрылу керек. Негізінен, көлікпен бару ұсынылады, ал автотұрақ туралы алаңдамасаңыз да болады себебі көлікті қоятын автотұрағы бар.

Алматы трамвай депосы

Кезінде Алматыда трамвай болған кезде қалада ерекше атмосфера болатын. Өкінішке орай, 2015 жылдың 31 қазанынан бастап қалада трамвай қозғалысы тоқтатылды. 2017 жылы бұрынғы трамвай депосының орнында жастарға арналған лофт-орталығы ашылды. Депоның инфрақұрылымы өте бай және қанық. Лофт-орталығында коворкинг орталықтары, еріктілер орталығы, суретшілер орталығы, жаттығу жасау орталықтары қызмет көрсетеді.

Барлығы «Алматы – жастар қаласы» дейді, және бұл шындық. Бастапқыда депо жастарға арналған болатын, бірақ соған қарамастан бұл жерді әлі де бәрі біле бермейді. Сол себептен бұл жер ерекше тарихы бар бірегей орталық болып саналады.

Ботаникалық бақ

Ботаникалық бақ – 1932 жылы 108 гектар аумақта негізі қаланған Алматы қаласының інжу-маржаны болып табылады. Бақ Еуразия мен Америка флорасының ең әдемі үлгілерімен, емен, жөке, қарағай және басқа да жергілікті өсімдіктермен толықтырылған. 2006 жылы Ботаникалық бақ «Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтары» тізіміне енгізілгеннен кейін бұл жер Алматыдағы әсем және жайлы бақтардың бірі болып кетті. Бақ Қазақстандағы ботаника саласындағы ғылыми-зерттеу және іс-тәжірибелік жұмыстардың негізгі орталығы ғана емес, сонымен қатар серуендеп, демалуға арналған таптырмас орын. Көптеген қала тұрғындары мұнда фото және видео түсіру мақсатында келеді, себебі бақшаның мүлгіген табиғаты керемет әсер қалдырады.

Алматылық Терренкур

Бұл алматылықтардың спортпен шұғылдануға, велосипед тебуге немесе өзен жағасында жай серуендеуге болатын сүйікті орындарының бірі. Егер сіз романтикалық кездесулер үшін қала шуынан аулақ тыныш жерлерді ұнатсаңыз, онда Терренкур романтикалық кездесу өткізуге таптырмас орын бола алады. Бұл жер қала шуынан алыс, ал ғажайып көріністер бұл жерді ерекше сұлу етеді. Жол ұзындығы шамамен 5 шақырымды құрайды, және бұл жол бойымен серуендей отырып, денсаулығыңызды нығайтуға мүмкіндік береді. Егер сіз барлық танымал «ойын-сауық» түрлерін көрген болсаңыз және Алматының әсем табиғатын тамашалағыңыз келсе, осы жерді ұсынамыз.

Бутаковка шатқалы

Қазақстанның оңтүстік астанасы өзінің таңғажайып тауларымен әйгілі және екінің бірі біле бермейтін орындардың бірі Бутаковка шатқалы екені сөзсіз. Бұл Алматы қаласы аумағындағы Іле Алатауы жотасының солтүстік беткейінде орналасқан көркем тау шатқалы. Теңіз деңгейінен 1700-2900 м биіктікте орналасқан. Бұл жер жыл бойы өзіне адамдарды тартатын сарқырамасымен танымал. Қыста сарқыраманың таңқалдырарлық мөлдір көрінісін тамашалауға болады, ал жазда ыстық ауа-райында сарқырама салқындап алуға мүмкіндік береді. Жылы ауа-райында алматылықтар әдетте Бутаковка шатқалында пикник ұйымдастырады, ал суық ауа-райында балалар баллондармен сырғанай алатын бірнеше сырғанақ бар.

«Play Off» демалыс орны

Егер сіз Алматының әсем көрінісінен ләззат алып, күннің батуын тамашалағыңыз келсе, Play Off сізді асыға күтеді!

Бұл жерді бәрі біле бермейді, бірақ соңғы кездері тұрғындар арасында ең жақсы демалыс орны ретінде танымал бола бастады. Play Off қала тұрғындарының үйлену тойларын, туған күн кештерін өткізетін сүйікті орнына айналды, дегенмен бұл орын кездесулерге де, кешкі жиындарға да ыңғайлы.

Барлық алматылық туристер Көк-төбеге келіп, қала пейзажына ғашық болады, әйткенмен мұнда адамдар көп жиналатындықтан кейде тынығып, демала алмайсың. Бұл жағдайда Play off өз қонақтарына жайлы атмосферамен тыныштықта жеке уақыт өткізуді ұсынады.

Villa Del Mamedich

Негізінде алып қараса, Villa Del Mamedich алматылықтар үшін де, саяхатшылар үшін де ең беймәлім орын. Ол биік тауда орналасқан. Вилла душ пен жатын бөлмесі бар жайлы биік таулы моншаны ұсынады. Мұнда көптеген адамдар ішкі жан дүниесін қалпына келтіріп демалуға және Алматы тауларының әсем көрінісінде медитация жасауға келеді.

Интерьер витражды терезелері мен нағыз орыс халқының пеші бар үйдің атмосферасымен ерекшеленеді. Бұл сіздің тәніңіз бен жаныңыз демалатын орын.

Батырхан Шүкеновті еске алу қабырғасы

Батырхан Камалұлы Шүкенов — кеңестік кезіндегі, қазақстандық және ресейлік эстрада әншісі, музыкант, саксофоншы, сазгер, ақын болған. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 2005 жылы Панфилов көшесінде Б.Шүкеновті еске алу қабырғасы орнатылды. Қазіргі таңда бұл бұрыш негізінен алматылықтардың арасында танымал. Олар бұл жерге келіп гитара тартып, ән шырқап, ұлы өнерпазды еске алады. Бұл жер кездейсоқ таңдалмаған, кезінде Батырхан Шүкенов осы қабырға жанындағы үйде шығармашылық кештер мен достарымен кездесулер өткізген.

Баум тоғайы

Бұл 1894 жылы Эдуард Баум 150 гектар аумақта негізін қалаған Алматыдағы саябақ аймағы. 2006 жылы тоғай егілген ағаштардың алуан түрлілігіне байланысты «Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтары» тізіміне енгізілді. Эдуард Баум 44 жапырақты, 17 қылқан жапырақты және 52 бұта түрлерін әкеліп, жерсіндірген. Сондай-ақ алма ағашының 74-і, алмұрттың 49 түрі және тағы басқа да жеміс өсімдіктерінің көшеттері жеткізілген. Сонымен қатар, тоғайдың аумағында иттерді серуендетуге арналған аймақ және балаларға арналған ағаштан жасалған қалашық бар. Бұл тоғай Алматының ең жасыл жері және алуан түрлі ағаштармен адамдарды қызықтыратын орын.

Блог